«Боксшы Головкиннің сүйікті әйелі» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 23 мамыр, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында VII Астана экономикалық форумының екінші күнінде көтерілген басты тақырыптар оқырман назарына ұсынылып отыр.
«Форумның күн тақырыбында келтірілгеніндей, халықаралық қаржы жүйесі болашақта бір-біріне қайшы екі бағытта дамуы мүмкін. Оның біріншісі - үлкен интеграциялану бағыты болса, екіншісі сегменттелу немесе өзара тұйықталу бағыты болмақ. Үлкен интеграциялануға бағытталатын бірінші жол неғұрлым пайдалы болып табылады, бірақ сонымен бірге, үлкен міндеттемелерді қажет етеді. Бұл интеграциялану түрінің тағы бір артықшылығы капиталды бөлудегі тиімділіктің көтерілуімен қатар елдер арасындағы әркелкі дамушылық көрінісі азая түспек. Ал сегменттелу жолы дамудың мүлдем қарапайымдалу көрінісі ретінде қарастырылады. Осындай қауіп-қатер халықаралық қаржы жүйесінде, әсіресе, оның банк секторында қазірдің өзінде көрініс беруде», - делінеді «Жаһандық қаржы жүйесі: дағдарыс тудырған дәрменсіздік» атты мақалада.
«Қытай Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігіне тәнті» деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.
«Қытайдың Шанхай қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІV саммитінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин осылай деді. Бұл - Қазақстан Президентіне деген зор баға, ал халқымыз үшін үлкен мақтаныш деп білеміз. Иә, кеңеске мүше 11 елдің мемлекет басшылары, жалпы 26 мүше, 7 байқаушы мемлекет, 4 халықаралық ұйым өкілдері, тіпті, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі арнайы қатысқан ауқымды халықаралық жиында жалпақ әлемге жарияланған Елбасы туралы бұл пікір шараға қатысқан журналистерді ғана емес, ақпарат құралдары арқылы хабардар болып отырған барлық қазақстандықтарды мақтанышқа бөлегені анық», - делінген материалда.
***
Елбасы Қытай бизнесмендерін Қазақстанға қаражат құюға шақырды, деп хабарлайды «Түркістан» басылымы « Қытаймен сауда айналымы - 40 млрд. $» атты мақаласында.
«Бұл - кіндігі көмірсутегілерге байланып қалған қазақ экономикасын дамытуға сеп. Алайда, сарапшылар қауымы ауылы аралас, қойы қоралас жатқан алпауыт елдің аса белсенділігіне алаңдайды. Қытайда IV Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) саммиті басталды», - деп жазады газет.
Шара барысында қытайлар Қазақ президентіне «Жібек жолы» әлемдік сыйлығын табыс етті. «Бейбітшілікті қамтамасыз ету мен оның гүлденуіне қосқан орасан зор үлесіңіз үшін «Жібек жолы» әлем сыйлығын табыс етеміз. Сіз - бұл сыйлықты алған тұңғыш адамсыз», - деп Назарбаевтың алдында ағынан жарылған қытайлар Елбасымен бірге ауыл шаруашылығы, транзиттік-транспорттық, сауда-экономикалық, қаржылық-инвестициялық салаға қатысты екіжақты мәселелерді кеңінен талқыға салды.
***
Ресми тілде жарияланатын «Экспресс К» газеті Геннадий Головкиннің сүйікті спортшы қызы туралы мақала жариялап отыр.
«Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің сүйікті қызы, жекпе-жек спортының майталман тұлғасы бар - ол 27 жастағы америкалық Ронда Роузи. Ол өз кезегінде ғаламшардың ең тартымды 100 әйелдің қатарына еніп отыр», - делінген мақалада.
Газеттің жазуы бойынша, MAXIM басылымы Hot 100 List 2014 атты әлемнің ең тартымды әйелдерінің тізімін жариялады. Оның қатарына ережесіз жекпе-жектің үш өкілі енген. Олардың қатарында ең жоғары орынды UFC чемпионы Ронда Роузи иеленген. Өз кезегінде ол бокстан WBA және IBO чемпионы Геннадий Головкиннің ең сүйікті спортшысы болып табылады. Роузи соңғы жекпе-жегін 23 ақпан күні Сара Макманнға қарсы өткізген болатын. Кездесу тек 1 минут 9 секундқа жалғасты. Роузи өзінің қарсыласына бірде-бір мүмкіндік берген жоқ.
Мақаланы толығымен «Любимая женщина боксера Головкина» атты материалдан оқи аласыздар.