Боксшы Қ. Қоңқабаев Болгариядағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы - Софияда «Странджа» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Оған қазақстандық боксшылар да қатысты, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі.
Финалға 56 келіге дейінгі салмақ санатындағы Жанболат Тілегенұлы мен Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) шықты. Ж. Тілегенұлы өзбекстандық қарсыласына шешуші айқаста есе жіберіп, «күмісті» қанағат тұтты. Басқа өзбекстандық боксшымен жекпе-жекке шыққан Қоңқабев жерлесіміздің қарымтасын қайтарды. Ол қарсыласын бірінші раунда-ақ нокаутқа жіберді. Осылайша, Қамшыбек турнир чемпионы атанды, деп хабарлады Қазақстандық бокс федерациясынан.
Қола наградаларды иеленгендер: Жақсылық Ілиясов (60 келі), Рустам Сваев (75 келі), және Нұрбол Алтаев (81 келі).
Жалпы алғанда, қазақстандықтар бір алтын, бір күміс, үш қола медальді жеңіп алды.
Турнир 65-ші рет өтуде. Оған Ресей, Украина, Өзбекстан, Ұлыбритания, Германия, Бразилия, Қытай, Эквадор және басқа да елдерден үздік боксшылар қатысты. Жарыс Софиядағы «Арена Армеец» спорт кешенінде өтті.