Боксшы Назым Ищанова допингке байланысты 2 жылға жарыстан шеттетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Қазақстан құрамасының мүшесі Назым Ищанова допингке қарсы ережелерді бұзуына байланысты екі жылға жарыстан шеттетілді. ҚазАқпарат тілшісіне бұл ақпаратты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитеті растады.

Боксшы Назым Ищанова допингке байланысты 2 жылға жарыстан шеттетілді

Хабарланып отырғандай, спортшының денесінен фуросемид ізі табылып отыр. Тыйым салынған заттек халықаралық жарыстардың біріне қатысар алдында спортшы тапсырған тестіден табылған. Фуросемид тікелей допинг болып есептелмесе де, ол денеден ауыр заттарды шығару үшін қолданылады.

Назым Ищанова 2013 және 2015 жылғы жастар арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған. Аталған жайға байланысты спортшы екі жылға жазаланып отыр. Яғни, ол 2020 жылдың 25 қарашасына дейін аталған чемпионаттарда ел намысын қорғай алмайды.

Фото: prosports.kz