Боксшы Садриддин Ахмедов қазақстандық екі студентке грант бөлді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахметов Атырау мұнай және газ университетінің екі студентіне өз қаражаты есебінен екі грант бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Боксшы Садриддин Ахмедов қазақстандық екі студентке грант бөлді

«Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне бағы жанған студентке екі грант бұйырғалы тұр. Барлық университетке болашақта спортшылардың атынан грант бұйыра берсін», - деп жазды спортшы Instagram-парақшасында.

Еске салсақ, былтыр 7 желтоқсан күні Канаданың Монреаль қаласында Давид Лемье (41-4, 34 КО) мен Максим Бурсактың (35-6-2, 16 КО) бокс кеші өткен еді. Оның аясында Садриддин Ахмедов (11-0, 10 КО) те кезекті жекпе-жегін өткізді. «Солдат Q»-дың қарсыласы аргентиналық боксшы Хосе Антонио Вильялобос (12-6-2, 7 КО) болды. Он раундқа есептелген жекпе-жек жетінші раундта мерзімінен бұрын аяқталып, Ахмедов оппонентін ауыр нокаутқа жіберді.

Ал кеше қазақстандық боксшы Халықаралық бокс ұйымының (IBO) рейтингінде өз салмағында 27-ші орында тұрғаны хабарланды.