Боксшылар Флойд Мэйуэзер мен Мэнни Пакьяо ғасыр жекпе-жегін өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Американдық боксшы Флойд Мэйуэзер мен филиппиндік Мэнни Пакьяо атақты жекпе-жегін өткізеді. 12 раундтық жекпе-жекті көптеген сарапшылар «ғасыр сайысы» деп атауда, ол Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) MGM Grand қонақүйі аренасында өтпек.

Боксшылар Флойд Мэйуэзер мен Мэнни Пакьяо ғасыр жекпе-жегін өткізеді

Сайыста 38 жастағы Мэйуэзер иеленген 66,68 келіге дейінгі салмақ санатындағы Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (ВБА) және Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (ВБС) әлем чемпионы атағы және 36 жастағы Пакьяо иеленген Бүкіләлемдік бокс ұйымының (ВБО) әлем чемпионы атақтары сарапқа түспек, деп хабарлады ТАСС.

Бұл жекпе-жек 3 мамырда мәскеу уақытымен таңертең өтеді, бұл бокс тарихындағы ұзақ күткен сайыстардың бірі болғалы тұр. Рингте екі үміткер барлық санаттардағы әлемнің үздік боксшысы атағын иелену үшін рингке шығады. Олар көп уақыт бойы жекпе-жекті өткізуге уағдаластыққа жете алмап еді, енді міне, соның сәті түскелі тұр.

Сайыс ең алдымен бокс тарихындағы қымбат жекпе-жек болып, бірден бірнеше рекордқа қол жеткізеді. Оның ең бастысы - боксшылардың қаламақысы. Сайысушылардың еңбекақысының ресми сомасы айтылмайды, дегенмен олар Мэйуэзердің пайдаасына 60 пайыз да 40 пайыз көлемінде сыйақыны бөліседі. Солтүстікамерикандық басылымдардың мәліметтері бойынша, жекпе-жекте американдық 150-ден 180 млн. долларға дейін, ал филиппиндік 100 млн-нан 120 млн. долларға дейін табыс табады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл жекпе-жек телекөрсетілімге 3-4 млн. тапсырысты жинауы мүмкін.

Ал сатуға түскен билеттер бір минуттің ішінде сатылып кеткен. Оның ресми бағасы 1,5-7,5 мың долларды құрайды, бірақ та қайталама нарықта 100 мың доллардан асып түскен. Онда боксшылардың өздері де біраз ақша шығарған. Мәселен, Пакьяо өзінің туыстары мен достарына 900 билет сатып алуға 3-4 млн. доллар жұмсаған. Ал оның промоутері Боб Арум рингтің қасындағы орын үшін билетке 10 мың доллар төлеген.

Мэйуэзер - ВБА және ВБС нұсқасы бойынша бес салмақ санатында чемпиондық белбеулердің иегері. Ол 47 рет жеңіске жетіп, (28 нокаут) бірде-бір рет жеңілмеген.

Филиппиндік 66,68 келіге дейінгі салмақ санатында ВБО нұсқасында әлем чемпионы. Ол 57 жеңіске (38 нокаут) жетіп, 5 рет жеңіліске ұшыраған және 2 рет тең ойнаған.