Боксшыларымыз екі бірдей халықаралық турнирден жүлделі оралды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндерінде Финляндия мен Польшада бокстан екі бірдей халықаралық турнир өтті. Онда қазақстандық боксшылар 8 медаль: 4 алтын, 1 күміс, 3 қола ұтып алды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясынан хабарлады.
Қайрат Ерәлиев (56 кг), Айдар Әмірзақов (64 кг), Асқар Абдуллаев (91 кг) Хельсинки қаласында 13 сәуірде өткен «GeeBee» турнирінде бірінші орыға табан тіресе, Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) күмісті еншіледі. Ал Әділет Құрметов (52 кг) үшінші орынды місе тұтты. Бұл турнирге 12 елден жалпы саны 66 спортшы қатысты.
Ал Варшава қаласында 12 сәуірде аяқталған «Феликс Штамм» турнирінде Жомарт Ержан (49 кг) қарсыластарының барлығын тізе бүктіріп, ең жоғарғы тұғырға көтерілді. Рустам Сваев (75 кг) пен Алексей Севастьянов (91 кг) қола жүлдені қанжығаларына байлады.
Варшавадағы турнирге қазақстандық команда ерлер бағдарламасы бойынша 6 салмақ дәрежесіне, әйелдер бойынша 3 салмақ дәрежесіне қатысты. Жарысқа 21 елдің 97 ер және 46 әйел спортшысы қатысқан болатын.