Бокстан ӘЧ: Қазақстан 80 пайызға жаңарған құраммен барады

Орталық коммуникациялар қызметінде биыл күзде бокстан өтетін әлем чемпионатына баратын ұлттық құрамы туралы сұрақ қойылды.
«Қазір ұлттық құрамадан ешкім де кетпеді. Бірақ ұлттық құраманың Олимпиадаға (Токиоға) барған құрамы 80 пайызға өзгереді. Өйткені бізде резерв, яғни өсіп келе жатқан жастар мен кәсіпқой бокста жүрген жігіттер де бар. Бәрімен келіссөздер жүргізілді. Қазіргі таңда кәсіпқой бокста жүрген жігіттер келуге дайын», - деді Б. Артаев.
Оның айтуынша, алдағы әлем чемпионатына жаңарған құрам баратын болады.
«Ендігі мәселе уақыт еншісінде, олардың қайсысы оқу-жаттығу жиындарына бірінші болып келуіне байланысты. Егер барлығы келетін болса, онда ұлттық құрам 70-80 пайызға ауысады. Осы орайда әлем біріншілігіне басқа құраммен барамыз», - деді мемлекеттік жаттықтырушы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бокстан ҚР құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев Олимпидадағы боксшылардың өнеріне баға берді.
Осы орайда ол спортшыларда нашар көрсеткіш болғанын айтты.
Сонымен қатар ол боксшылардың дайындық кезеңі де өзгеруі ықтимал екенін жеткізді.