Бокстан ӘЧ: қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы ирландиялық Майкл Орейллиден жеңіліп қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Катар астанасы Доха қаласында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы жеңіліске ұшырады.
Қазақ боксшысы ирландиялық боксшы, Еуропа чемпионы, 22 жастағы Майкл О'Рейллиден ұтылып қалды. 75 келіде өнер көрсететін қазақстандық бірінші раундта 0:3 есебімен жеңіліс тапты, кейін екінші раундта есепті теңестіре алды. Дегенмен үшінші раундта Әлімxанұлына тек бір қазы жеңіс берген. Еске салайық, ширек финалға Қазақстанның алты боксшысы шықты. Бүгін төртінші жарыс күні аясында қазақстандық боксшылар Василий Левит (91 келіге дейін), Олжас Сәттібаев (52 келі дейін), Данияр Елеусінов (69 келіге дейін) және Әділбек Ниязымбетов (81 келіге дейін) өз өнерлерін көрсетеді.