БОКСТАН ӘЧ: Тағы бір қазақстандық И.Дычко күміс жүлде иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дохада бокстан мәреге жеткен Әлем чемпионатының ақтық шайқасында қазақстандық боксшы Иван Дычко 91 келіден астам салмақта франциялық Тони Йокамен кездесті.
None
None

Қай жарыста да суперсалмақтың абырой-беделі биік болып есептеледі. Сондықтан қос боксшы барын салды. Қазақстандық боксшы қанша тырысқанымен, төрешілердің үшеуі де жеңісті Тони Йокаға берді. Сөйтіп И.Дычко күміс жүлдегер атанғанымен, олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады. Бұл салмақта чемпионға ғана лицензия беріледі.

Айта кетейік, осыған дейінгі екі әлем біріншілігінде И.Дычко бір қола, бір күміс медаль еншілеген еді. Оған қоса Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері деген атағы және бар. Алматыда 2013 жылы өткен әлем чемпионатында әзербайжандық Магомедрасул Меджидовтан нокаутпен жеңіліп қалған Иван жарты жылдай үзіліс алып, рингке қайта шыққан болатын. Бұл - содан кейінгі алғашқы жеңілісі. Дохада бұдан бұрын 69 келі салмақта Данияр Елеусінов күміс жүлдеге қоса Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Сонымен, қазақстандықтар еншісінде бұл чемпионатта жалғыз ғана жолдама. Бұл біріншілікте үздік өнер көрсетіп, бұрынғы биіктеріне қайта оралған кубалық боксшылар төрт бірдей алтын медальді жеңіп алды. Командалық есепте екінші, үшінші орынды Ресей мен Әзербайжан құрамасы бөлісті. Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов осы біріншілік алдында екі алтын медаль, төрт Олимпиада жолдамасын иеленуді жоспарлап отырмыз, деп мәлімдеген болатын. Өкінішке қарай, қазақстандықтар бұл межеден көріне алмады. Ендігі бар үміт - алдағы жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында.

Соңғы жаңалықтар