Бокстан әлем чемпионаты: Милана Сафронова ширек финалға шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейдің Улан-Удэ қаласында өтіп жатқан бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионатында бүгін қазақстандық Милана Сафронова ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бокстан әлем чемпионаты: Милана Сафронова ширек финалға шықты

Милана Сафронова 64 келіде шаршы алаңға Ботсванадан келген Аратва Касемангпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшының басымдығы айқын аңғарылып тұрды. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан оның жеңіске жеткеніне ұйғарым жасады.

Естеріңізге сала кетелік, әлем чемпионатына қазақстандық он боксшы барды . Олардың арасынан 3 қазанда Назым Қызайбай (51 келі) жапон спортшысы Намики Тсукимиден, Алуа Балқыбекова (48 келі) өзбекстандық Гүласал Султоналиевадан жеңіліп қалған еді.

Алғашқы жекпе-жектерінде Айжан Қожабекова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Дариға Шәкімова (69 келі), Ақерке Бақытжан (75 келі), Фариза Шолтай (81 келі) қарсыластарынан басым түсті.

Фото: www.kfb.kz