Бокстан әлем чемпионатын «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирде ұсынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қатар мемлекетінің астанасы Дохада бокстан әлем чемпионаты басталды. Спорт жанкүйерлерінің назарын аударған осы додаға қазақ елінің де былғары қолғап шеберлері қатысады. Осы орайда, қазақстандық жанкүйерлерге «Қазспорт» телеарнасы үлкен сыйлық жасап отыр. Бокстан өтіп жатқан жаһандық бәсекені ел тұрғындары тікелей эфирде көру мүмкіндігіне ие болмақ.

Бокстан әлем чемпионатын «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирде ұсынбақ

«Қазспорт» телеарнасы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңіндегі тартысты бәсекелердің барлығын да ертең, 6 қазаннан бастап көрсетуді жоспарлап отыр. Астана уақытымен сағат 17.00-де «Қазспорт» телеарнасы алғашқы көрсетілімін тікелей эфирде бастайды деп күтілуде.

Сонымен қатар спорт саласын насихаттайтын бірқатар елдердің телеарналары да, халықаралық телекомпаниялар да осы әлем чемпионатын көрсетпекші. Мысалы, әлемнің біраз еліне хабар таратып отырған «Сетанта Спорт» телеарнасы да бокс додасын 10 қазаннан бастап көрсетуді жоспарлап отыр.

Бұл әлем чемпионатында ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов бастаған қазақ елінің 8 былғары қолғап шебері қатысады.