Бокстан Әлем чемпионатында Қазақстан намысын сегіз бірдей құрлық серкесі қорғайды

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов Алматыда өтетін Әлем чемпионатына Иорданияда құрлық біріншілігінде топ жарған сегіз спортшыны алып барады, деп хабарлайды Vesti.kz.

Бокстан Әлем чемпионатында Қазақстан намысын сегіз бірдей құрлық серкесі қорғайды

"Біз жоспарлы дайындық жүргіздік және турнирден Қазақстанға жүлдесіз оралып, жанкүйерлерді жерге қаратқымыз келмеді. Мен балаларды бар мүмкіндіктерін салуға шақырдым. Алдымызда Әлем чемпионаты күтіп тұр. Мұндай командамен біз тағы да жоспарды артығымен орындауға тырысамыз. Және Олимпиадада, екі алтын марапаттың орнына, кем дегенде үш алтын алып келгіміз келеді», - деп атап айтты Айтжанов.

Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев Әлем чемпионатының алдында ҚР құрамасының мүшелерін «босаңсымауға» шақырды.

"Азия чемпиондарын, жүлдегерлер мен жаттықтырушылар штабын сыйақылар күтіп тұр, - деп мәлімдеді ҚБФ басшысы. - Құрлық біріншілігінде жеті медаль алу - бұрын-соңды болмаған нәтиже. Біз Азияның серкесі және әлемдегі үздіктердің бірі екенімізді дәлелдедік. Барлығыңызды осы жетістікпен құттықтаймын! Бірақ алда әлі көп жұмыс күтіп тұр».

Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жеті алтын және бір күміс медальді иеленіп, жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленгенін еске саламыз. Бірден жеті боксшы Азия чемпионы атанды, олар: Теміртас Жүсіпов (49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде), Берік Әбдірахманов (60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде), Мерей Ақшалов

(64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде), Данияр Елеусінов (69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде), Жәнібек Әлімханұлы (75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде), Антон Пинчук (91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) және Иван Дычко ( 91 келіден жоғары). Ал Әділбек Ниязымбетов 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер болды.