Бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиев алғашқы әсерімен бөлісті

- Маған жанкүйер болып, қолдау көрсеткен халқыма алғысымды айтамын. Қазақстанның туы әлемдік аренада мұнан да жоғары биіктерге көтеріле берсін. Қазақстандық атлеттердің жеңісі - бұл мемлекеттің спортшыларға деген үлкен назарының, ауқымды жұмыстарының нәтижесі.
- Қарсыласың қалай екен?
- Қарсыласым физикалық тұрғыда өте мықты болып шықты.
Америкалықтардың ұрыс мәнері кәсібиге жақын болып келеді. Сондықтан жылдамырақ болуға, оны алдап соғуға тырыстым. Мені жақсы дайындап, жеңіске жетуге көмегін берген бапкерлерге алғысымды айтамын.
- Бұл сенің осы турнирдегі ең ауыр жекпе-жегің болды деп айтуға бола ма?
- Әлем чемпионатындағы барлық жекпе-жек ауыр. Нақты айқасқа кім мықты болса, сол жеңіске жетеді.
- Рио Олимпиадасымен салыстырғанда қандай компоненттерде мықты бола түстің?
- Физикалық тұрғыда десем болады. Жақсы дайындалып, қателіктермен жұмыс жасадық. Біздің еңбегіміз нәтиже бергеніне қуаныштымын.
Айта кетейік, әлем чемпионатында 75 келі салмақ санатында жұдырықтасқан Әбілхан Аманқұл ақтық сынында Еуропа чемпионы украиналық Александр Хижняктен ұтылып, күміс медальді қанағат тұтқан болатын.
Алда 91 келі салмақ санатында Қамшыбек Қоңқабаев әзербайжандық Магомедрасул Межидовпен әлем чемпионы атағы үшін айқасады.
Айта кетейік, осыған дейін Гамбургтегі әлем чемпионатында Жомарт Ержан (49 келі), Василий Левит (81 келі) пен Абылайхан Жүсіпов (69 келі) қола жүлдегер атанған еді.