Бокстан әлем кубогында Назым Қызайбай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан Әлем кубогында бүгін, 20 маусымда Назым Қызайбай (54 келі) финалға жолдама алды.
Жекпе-жек барысында 3 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай жартылай финалда Таиланд боксшысы Натнича Чонгпронгклангпен күндізгі сессияны ашты.
Алғашқы раунд қарсыластың еншісіне кетті. Қалған бөлігінде отандасымыз шабуылдағы белсенділігін арттырып, таразы басын өз жағына бұра алды. Қорытынды есеп: 3:2.
Айта кетсек, бүгін ел құрамасы тағы да шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында 70 келіде Абылайхан Жүсіпов иорданиялық Зеяд Еашаш, 80 келіден жоғары салмақта Дина Исламбекова өзбекстандық Олтиной Сотимбоева, 60 келіде Виктория Графеева өзбекстандық Ситора Турдибековамен қолғап түйістіреді.
Ал 80 келіде Валерия Аксенова франциялық Давина Мишель, 50 келіде Санжар Тәшкенбай испаниялық Мартин Молина Сальвадор, 65 келіде Аида Әбікеева бразилиялық Беатриз Феррейра, 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай бразилиялық Джоэл Рамоспен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, жарыстың аталған сатысында Өзбекстан 11, Қытай — 9, Қазақстан мен Франция — 8 үздігіне үміт артса, одан кейінгі орындарда Үндістан мен Польша — 6, Англия мен Бразилия — 4, Әзербайжан мен Италия — 3, АҚШ, Болгария, Оңтүстік Корея, Иордания, Испания — 2 спортшысына сенім білдіреді.
Ал жартылай финалда Аустралия, Германия, Канада, Иран, Мексика, Тайпей, Таиланд және Молдовадан 1 былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығады.