Бокстан әлемнің бұрынғы чемпионы есірткі тасымалымен айналысқан
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екінші ең жеңіл салмақ пен жартылай жеңіл салмақта WBA және IBF нұсқалары бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы панамалық Селестино Кабальеро кокаин тасымалымен айналысқанын мойындады. Бұл туралы АП-ға сілтемемен 24.kz хабарлайды.
Боксшыны полиция бейсенбі күні қолға түсірген. Себебі, Колон провинциясына бет алған 39 жастағы Кабальероның көлігінен 10 келі болатын он бума есірткі заты табылған.
Панаманың заңнамасына сәйкес, Кабальеро 8-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. «Кабальеро қылмыс жасағанын мойындап, қайғылы іске қатысы болғанына өкінеді. Сонымен қатар, ол есірткі затының иесі кім екендігін білмейтіндігін айтты», - дейді Кабальероның адвокаты Виктор Оробио.
Айта кетейік, 1998-2014 жылдар аралығында Кабальеро 43 жекпе-жек өткізіп, соның 37-сінде (24-і нокаутпен) жеңіске жетсе, 6 рет жеңілістің кермек дәмін татқан.