Бокстан әлемнің экс-чемпионы Х.Чавес С.Мартинеспен қарымта кездесуден гөрі Головкинмен жұдырықтасуды қалап отыр

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - WBC нұсқасы бойынша орташа салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы мексикандық кіші Хулио Сезар Чавес аргентиндік Серхио Мартинеспен қарымта кездесуді өткізуге қызығушылық танытпай отырғанын мәлімдеді.

Бокстан әлемнің экс-чемпионы Х.Чавес С.Мартинеспен қарымта кездесуден гөрі Головкинмен жұдырықтасуды қалап отыр

Есесіне, WBA/IBO нұсқасы бойынша орташа салмақтағы қазіргі әлем чемпионы Геннадий Головкинмен қолғап түйістіруге бекініп отыр. Бұл жайында BoxingScene.com желісіне сілтеме жасап, Vesti.kz хабарлады.

Еске салайық, 2012 жылдың 15 маусымында Чавес спорттық мансабында тұңғыш мәрте жеңіліп, өзіне тиесілі WBC-дің титулын Серхио Мартинеске тапсырды. Бұған дейін, Чавестің промоутері Боб Арум биылғы күзде Чавес пен Мартинес арасында 2013 жылдың күзінде қарымта кездесу өтуі мүмкіндігі туралы бірнеше мәрте мәлімдеген еді. Алайда оның сөзін былғары қолғап шебері растамады.

«Мартинеспен қайта кездесу? Шынымды айтсам, ол мені аса қатты қызықтырмайды. Болашақта жекпе-жек өткізуім мүмкін Мартинстен басқа да орташа салмақтағы айтарлықтай жақсы боксшылар бар. Геннадий Головкин - үздік боксшы, чемпион атағына сай. Сондай-ақ мен Андре Уордпен күш сынасуға әзірмін. Меніңше, мен және Мартинес арасындағы қарымта кездесуден гөрі Головкин мен Уордқа қарсы жекпе-жек бокстың жанкүйерлерінің үлкен қызығушылығын тудырады. 22 маусымда өтетін кезекті кездесуден кейін аталмыш жекпе-жекке қолжеткізуге тырысамын», - деп атап өтті WBC нұсқасы бойынша әлемнің экс-чемпионы.