Бокстан «Астана арландары» мен «Мумбай жойғыштары» командалары арасындағы қарымта кездесу 4:1 есебімен аяқталды
АЛМАТЫ. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда Бүкіәлемдік бокс сериясы аясында «А» тобында бақ сынап жатқан Қазақстанның «Астана арландары» мен Үндістанның «Мумбай жойғыштары» командаларының қарымта кездесуі өтті.
Онда Миржан Рахымжанов украиналық Иван Ильницкийді (54 кг), Самат Башенов филиааиндік Чарли Суарезді (61 кг) ұпай санымен ұтты. Рустам Сваев израильдік Константин Синигурға (73 кг) ұпай санымен есе жіберді. Одан кейін астаналықтардың алжирлік легионерлері есепті одан ары ұлғайта түсті. Атап айтқанда Абдельхафид Беншабла үндістандықтардың жалғыз боксшысы Рахул Кумарды (85 кг) 3-раунда техникалық нокаутпен ұтты. Ал аса ауыр салмақтағы Шуайб Болодинатс молдовалық Михаил Мунтяннан басым түсті. Қорытынды есеп 4:1. Мумбайлықтар бұған дейін өз алаңында астаналықтарға 0:5 есебімен есе жіберген еді.
Енді өз тобында 3-орын алған «Астана арландары» 2-наурызда жартылай финалдық сындағы алғашқы кездесуін өз алаңында «В» тобында өнер көрсеткен «Мехико жауынгерлері» командасымен өткізеді. Ал қарымта кездесу 9-наурызда Мехикода болады. «А» тобында 4-орын алған «Мумбай жойғыштарының» жартылай финалдағы қарсыласы «А» тобының көшбасшысы болған «Баку оттары» болмақ.