14:26, 08 Желтоқсан 2024 | GMT +5
Бокстан Азия чемпионаты: Оразбек Асылқұлов финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында ерлер және әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Оразбек Асылқұлов финалға шықты.

Қазақстандық боксшы 57 келіге дейінгі салмақта моңғолиялық Лундаа Гантумурмен шеберлік байқасты.
Бірінші раундта төрешілер жеңісті түгелдей Оразбекке берді. Екінші және үшінші кезеңде 4:1 есебі тіркелді. Қорытынды есеп: 5:0, Оразбек Асылқұловтың пайдасында.
Осылайша, бүгін шаршы алаңға көтерілген қазақстандық боксшылардың үшеуі де финалға жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Санжар Тәшкенбайдың бокстан Азия чемпионатының финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ бокстан Азия чемпионатында Махмұд Сабырхан алтын үшін айқасады.