Бокстан Азия чемпионатына баратын құрам Шымкент төрінде белгілі болады

АСТАНА. KAZINFORM – 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Шымкентте Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған ерлер арасында халықаралық турнир өтеді.

Бокс
Фото: olympic.kz

Шымкент бокс федерациясының баспасөз қызметі атап өткендей, жарысқа Қазақстанның барлық аймағынан және бірнеше елден жүзден аса боксшы қатысады деп жоспарланған.

Осымен 43-ші рет алауы желбірейтін бәсі биік доданың Қазақстан боксшылары үшін биыл орны бөлек болмақ. Себебі дәл осы шаршы алаңда қараша айында Иорданияда өтетін Азия чемпионатына баратын құрам анықталмақ.

Жарысқа кез келген аймақтан, кез келген боксшы қатыса алады. Яғни, бұл – Ашық турнир. 18 жастан асқан спортшылар ұйымдастыру комитетіне өтініш жолдауы тиіс. Өтініштер 25 қыркүйекке дейін қабылданады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар 8 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алғанын жазған едік.