Бокстан Азия чемпионаты: 6 қазақстандық жарыстан шығып қалды, 4-еуі медаль иеленбек (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Уланчабе қаласында бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының ширек финалдық жарыстары аяқталды.
Өкінішке орай, Алина Тұрлыбаева (48 келіге дейінгі салмақта) және Жанна Басқаева (57 келіге дейін) үндістандық қарсыластарына жол берді. Жайна Шекербекова (51 келіге дейін) мен Мәдина Нұршаева (64 келіге дейін) қытайлықтардан ұтылып қалды. Ал Гүлжайна Үббіниязова (60 келіге дейін) солтүстіккореялық боксшы қыздан басым түсе алмады. Рано Пархатова (54 келіге дейін) болса тайландық қарсыласын жеңе алмады. Осылайша, жартылай финалға Гауһар Ермекбай (69 келіге дейін), Дариға Шәкімова (75 келіге дейін), Мөлдір Базарбаева (81 келіге дейін) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) шықты. Құрлық біріншілігінен соң қазақстандық бокстан әйелдер құрамасы Астанада 2016 жылдың басында өтетін әлем чемпионатына әзірленетін болады, деп хабарлайды ҚР Бокс федерациясынан.