Бокстан Азия чемпионаты: Қазақстан «алтын» күтіп отырған салмақтар алынып тасталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алтын медаль күтіп отырған салмақтар алынып тасталды. Бұл туралы бүгін «Дәулет» спорт кешенінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бокстан Азия чемпионаты: Қазақстан «алтын» күтіп отырған салмақтар алынып тасталды

«Әрине, Азия чемпионаты бойынша жоспар бұрынғыша қалады. Ол - командалық есепте бірінші орынды иелену. Ал енді оның алдында үш-төрт алтын медаль аламыз деп айтқанбыз. Енді бұл болжам кемиді. Неге десеңіздер, біз алтын медаль күткен салмақтарды Азия Чемпионатынан алып тастады. Сол себептен, ауыз толтырып айтпаймыз. Екі алтын медаль алуға тырысамыз», - дейді Мырзағали Айтжанов.

Ұлттық құраманың бас бапкері Азия Чемпионатынан үш салмақтың неліктен алынып тасталғаны туралы ештеңе айта алмайтынын білдірді.

Айта кетсек, бұның алдында Мырзағали Айтжанов Астанада басталған бокстан ҚР Президенті Кубогында үздік өнер көрсеткен ұлттық құраманың боксшылары Азия Чемпионатында ел намысын қорғайтынын айтқан еді.

Еске сала кетейік, бүгін Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогі үшін бокстан VI Халықаралық турнир басталды. Бокс бойынша ҚР Президентінің Кубогына 15 елдің өкілдері, атап айтқанда Беларусь, Үндістан, Ресей, Жапония, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Филиппин, Швеция, Тәжікстан, Тайланд, Түрікменстан, АҚШ, Өзбекстан және Қазақстанның 180-ге жуық спортшысы қатысуда. Олардың 140-ы ер, 40-ы әйел спортшылар.