Бокстан Азия чемпиондарына 10 мың АҚШ доллардан сыйақы берілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азия чемпионатында жеңген қазақстандық боксшыларға 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Спортшыларды Мемлекет басшысының өзі жеке құттықтады . Біз үшін бұл үлкен құрмет. Осы уақытта дейін халықаралық аренада әйелдер құрамасы арасында сіздер секілді басқа құрама командалар нәтиже көрсеткен емес. Сондықтан да сіздерді, жанкүйерлерді және бокс қауымдастығын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Осы Азия чемпионатында біз 3 рет жекпе-жек нәтижесімен келіспеушілік таныттық. Яғни тағы да алтын медальдар алуға мүмкіндігіміз бар еді, дегенмен спорттың аты спорт төрешінің айтқаны болады. Дегенмен де баршаңызға алғысым шексіз. Мен спортшыларға бокс қауымдастығының әрдайым қолдау көрсететінін айтқан болатынмын. Алда бізді «Токио-2020» олимпиадасы күтіп тұр. Қазір біз әйелдер құрамасының олимпиадаға тағы бір жолдама алуы үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Жұмыс жүріп жатыр, - деді Қазақстан бокс қауымдастығының президенті Кеңес Рақышев.
Чемпионатта топ жарған боксшыларға қаржылай сыйақы берілді. Атап айтқанда, бірінші орын үшін – 10 мың АҚШ доллары, екінші орын үшін – 5 мың АҚШ доллары және үшінші орын үшін – 2.5 мың АҚШ доллары табысталды.
Айта кетсек, бокстан Қазақстан ерлер және әйелдер құрамалары Дубайда өткен Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Ғалымбек Кенжебаев пен Ерік Алғабектің шәкірттері барлығы 16 медаль (8 алтын, 6 күміс , 2 қола) жеңіп алды.
Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Римма Волосенко, Милана Сафронова, Валентина Хальзова, Фариза Шолтай және Ляззат Күнгейбаевалар жеңімпаз атанса, Даниял Сәбит, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев, Владислав Кухта күміс жүлделерді иеленді. Ал Сәкен Бибосынов пен Марина Вольнова қола жүлдегер атанды.
Сонымен қатар, ерлер мен әйелдер құрамаларының бапкерлері, әкімшілік және ғылыми-кешенді топ қызметкерлері де назардан тыс қалмады.