Бокстан ересектер арасындағы ел чемпионатының бас судьясы - әлем чемпионы, КСРО-ның үш дүркін чемпионы Валерий Рачков

АСТАНА. Қаңтардың 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Кеше басталған бокстан ересектер арасындағы ел чемпионатының бас судьясы болып әлем чемпионы, КСРО-ның үш дүркін чемпионы Валерий Рачков бекіді. Бұл ақпаратты Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі таратып отыр.

Бокстан ересектер арасындағы ел чемпионатының бас судьясы - әлем чемпионы, КСРО-ның үш дүркін чемпионы Валерий Рачков

«Шаршы алаңдағы жекпе-жектер өте әсері болады және беделді судьялар корпусы тарапынан жіті назарға алынады. Рингтегі бәсекенің әсерлігін осы чемпионаттың бас судьясы болып жерлесіміз, қазіргі уақытта ресейлік танымал маман Валерий Рачковтың белгіленуі дәлелдей түседі», делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар тағы да 3 ресейлік судья жарысқа төрелік жасайды. Олар бейтарап рефери міндетін атқарып, шаршы алаңдағы бірқатар даулы мәселелерді шешуге қатысады.

Мандат комиссиясының мәліметтері бойынша, жарыс барысында 30 Қазақстан маманы да қызмет көрсетеді. Олардың жартысы халықаралық санаттағы төрешілер және барлығы да республикаға танымал мамандар.

Бас төрешінің орынбасары К.Манашевтің айтуынша, бұл бәсекелер барысында бірқатар жаңадан қызметке кіріскен жаттықтырушылар жұмыстарының қорытындысын жанкүйерлер мен мамандар бағалауға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, ересектер арасындағы бокстан Қазақстан чемпионаты қаңтардың 15-інде елордадағы «Дәулет» спорттық теннис кешенінде басталды. Қаңтардың 20-ына дейін алдын ала жекпе-жектер өтеді. Қаңтардың 21-інде ширек финал, 22-сінде жартылай финал, ал қаңтардың 23-інде финалдық бәсеке болады.

Чемпионатқа 14 команда, облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының құрамалары қатысуда. Барлық құрамалар байрақты бәсекеге 1-ші нөмірлі былғары қолғап шеберлерін әкелген.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, көрермен тарапынан бұл бәсекелерге қызығушылықтың мол болуына орай «Қазақстан» телеарнасы турнирдің жартылай финалы мен ақтық бәсекесін көрсетпек.