Бокстан ХХ Қазақстан чемпионатының жартылай финалына шыққандар белгілі болды
АЛМАТЫ. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан бокстан ерлер арасындағы ХХ Қазақстан чемпионатының алғашқы ширек финалдық жекпе-жектері өтіп, жартылай финалға жолдама алғандар белгілі болды.
Алдымен 52 келі салмақта сынға түскен Ақмола облысының өкілі Нұрсұлтан Көшеғұлов алматылық Хабибулла Исмаил-Ахуновты 5:1 есебімен оңай ұтты. Ал осы жарыста бас бәйгеден басты үміткерлердің бірі - жамбылдық Олжас Сәттібаев қызылордалық Бекболат Жүсіповке 8:9 есебімен жол беріп қойды. Онан кейінгі 60 келіде күш сынасқандар БҚО түлегі Айдар Әмірзақов шығысқазақстандық Азамат Албосыновты 6:2 есебімен жеңді. Осы салмақтағы тағы бір кездесуде қарағандылық Елдос Сайдалин Ақтөбенің өкілі Берік Әбдірахмановтан басым түсті. Есеп - 4:3. Бұдан соң шаршы алаңға 69 келідегілер көтерілді. Бұған дейін екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевті ұтып, есімі танылған Қызылорда облысының өкілі Рустам Сыбаев ШҚО боксшысы Қанағат Мараловты 7:2 есебімен ұтса, маңғыстаулық Сулейман Бердукаев алматылық Шыңғыс Бердібековті айқын басымдықпен ұтты - 11:1. Кезек 81 келідегілерге келді. Бұл салмақ дәрежесінде Қарағанды облысының өкілі Алмат Серімов павлодарлық Максим Погореловты алғашқы соққысымен-ақ техникалық нокаутпен жеңілуге мәжбүр етті. Осы салмақтың келесі кездесуінде ШҚО өкілі Асқар Абдуллаев Қызылорда облысының боксшысы Асқар Дүрішевтен ұтылып, кездесуді ерте аяқтады.
Аса ауыр салмақта (+91 келі) күш сынасқан алғашқы жұп қостанайлық Иван Дычко Ақтөбенің өкілі Артур Елубаевты оңай ұтып, жарысты мерзімінен бұрын аяқталса, дәл сондай басымдықты Алматы қаласының өкілі Рүстем Іргебаев та қайталады. Оның қарсыласы Астана қаласының өкілі Ермек Үсеновтың жарысты ерте аяқтауына тура келді.