Бокстан Италиядағы лицензиялық турнир: Айтжанов кімдерге сенім артып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Италияда өтетін әлемдік лицензиялық турнирге қатысатын боксшылар тізімін жариялады.

Бокс
Фото: Sports.kz

Париж Олимпиадасының жолдамасына таласатын боксшылар тізімі:

51 келі: Сәкен Бибосынов

57 келі: Махмұд Сабырхан 

63,5 келі: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы

71 келі: Асланбек Шымбергенов

80 келі: Нұрбек Оралбай

92 келі: Айбек Оралбай

Еске сала кетейік, бокстан Қазақстан ерлер командасының еншісінде әзірге бір жолдама бар. 2023 жылғы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев Париж лицензиясын қоржынға салған болатын. 

Бокстан Қазақстан командасы қазіргі таңда іріктеу турнирі қарсаңындағы жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Италиядағы іріктеу турнирі 29 ақпан пен 12 наурыз аралығында өтеді.

«Бұл Италияда өтетін турнир биылғы жылғы лицензия тарататын алғашқы жарыс. Мен Қоңқабаевтан басқа боксшымды алып бара жатырмын. Басты мақсатымыз – барынша көбірек жолдамаға қол жеткізу. Жалпы Италияда 49 жолдама сарапқа салынады. Одан кейін Тайландта өтетін лицензиялық турнир бар. Осы екі турнирден толық жолдама алуды көздеп отырмыз», - деді бас бапкер Мырзағали Айтжанов сауалымызға.

Айта кетейік, дәл қазірге дейін Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 8 спорт түрінен 19 лицензиясы бар (садақ ату – 4, тас жолдағы велоспорт – 3, нысана көздеу – 5, қазіргі бессайыс – 2, бокс – 2, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастика – 1).

Соңғы жаңалықтар