Бокстан Қазақстан чемпионатының алғашқы күні қалай өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының алғашқы ойын күні өтті.

Бокстан Қазақстан чемпионатының алғашқы күні қалай өтті
Фото: ҚР ҰОК

Ел біріншілігі 30 қазан-6 қараша аралығында Тараз қаласында болады. Алдымен 29 қазанда жеребе тарту рәсімі өткізілсе, боксшылар 30 қазан - 1 қарашада алдын-ала жекпе-жекте сынға түседі. Одан кейін 2-3 қарашада ширек финал болса, 4-5 қарашада жартылай финал белгіленген. Ал 6 қарашада боксшылар финалда бас жүлдені сарапқа салады.

Ерлер бәсекесінде барлық 20 өңір қатысса, әйелдер сайысында 18 өңір (Ақтөбе мен Абай облысынан басқа) сынға түседі.

Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, күндізгі сессияда 55 келідегі Бағлан Кенжебек, Жандәулет Сәрсенбаев пен Нұрислам Бекен жеңіске жетті.

Ал кешкі сессияда әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Оразбек Асылқұлов (60 келі), сондай-ақ Бибарыс Жексен, Талғат Сырымбетов, Дәулет Молдашев, Руслан Күзеубаев және Дархан Дүйсебай (70 келі) келесі кезеңге жолдама алды.

50 келіде кейінгі екі Қазақстан чемпионатының финалисі, биыл 55 келіге ауысқан Бекзат Алдамжаров алғашқы жекпе-жегін ұзаққа созбады. Ол Владислав Плкхановты (СҚО) бірінші раундта-ақ айқын басымдықпен жеңді.

Ал 75 келіде былтыр күміс жүлдегер атанып, биыл 85 келіге ауысқан Тимур Нұрсейітовке (Астана қаласы) алғашқы айқасында қиындық тумады. Ол екінші раундта Нұрасыл Кәрімбекті (ШҚО) жекпе-жекті жалғастыру мүмкіндігінен айырды.

22 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионы атанған Кенже Мұратұлы мен 60 келідегі «Хижняк» лақап атымен танылған Асылжан Серікбай алғашқы раундта қарсыластарына жол бергенімен, шешуші раундта кездесудің барысын өз пайдасына өзгерте алды.

Алғашқы жарыс күнінде жастар санатында өздерін танытып үлгерген бірқатар боксшы да өнер көрсетті.

55 келіде жастар арасындағы Азия чемпионы Досымжан Таңатар, 65 келіде жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әлихан Әскер қарсыластарынан басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

Ал 60 келіде жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Нығмет Нығман, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Нұрасыл Төлебек және Азия чемпионы Алдияр Бахадүр алғашқы айналымда жарыс жолын аяқтады.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.