Бокстан Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күні қалай өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күні мәресіне жетті.

 Әбілхан Аманқұл
Фото: ҚБФ

Бүгін ерлер арасында 55, 60, 80, 90, +90 келі және әйелдер арасында 51, 57, 70, +80 келі салмақ дәрежесінде жартылай финалистер анықталды.

Сенсациялар

60 келіде Жетісу облысының жас боксшысы Әділбек Қожахан кезекті сенсациясын тіркеді. Ол 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Талғат Сырымбетовтен (Қарағанды обл) үш раунд бойы басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Енді 19 жастағы боксшы әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Оразбек Асылқұловпен кездеседі.

Әйелдер арасында бір апта бұрын ғана U19 әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Алина Құдайгенова (Қарағанды обл) ширек финалда қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, ересектер арасындағы ел чемпионатының жартылай финалына алғаш рет шықты. Оның келесі қарсыласы – жастар арасында әлем чемпионы, былтырғы Қазақстан чемпионы Ұлжан Сәрсенбек.

Басты жекпе-жектер

55 келіде Тимур Қабдешов (Ақмола обл) үш раунд бойы жоғары қарқында өткен тартысты айқаста кейінгі екі Қазақстан чемпионатының финалисі Бекзат Алдамжаровтан (Ақтөбе обл) айласын асырды.

80 келіде жастар арасында әлем чемпионы Санжар-Әли Бегалиев (Шымкент қ) 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Азамат Бектасқа (Қызылорда обл) қарсы жарқын өнер көрсетіп, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

75 келіде әлем чемпионатының финалисі Әбілхан Аманқұл (Жамбыл обл) осы салмақта ұзақ жылдар бойы көшбасшылардың бірі болған Нұрқанат Райысқа (Маңғыстау обл) еш мүмкіндік бермеді. Есеп: 5:0.

80 келіде жастар арасында әлем чемпионы Өнер Сейілхан (БҚО) U22 санатындағы Азия чемпионы Бақберген Әлиасқарға (Астана қ) қарсы сауатты тактикалық бокс көрсетті. Қарсыласының соққыларынан шебер қорғанып, қарымта шабуылдар арқылы ұпай жинаған ол жартылай финалға өтті.

Әйелдер арасында әлем чемпионы, 38 жастағы Ләззат Күңгейбаева (Астана қ) жарыс жолын аяқтады. Ол 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатының финалисі Елдана Талиповаға есе жіберді.

Фавориттер

50 келіде Даниял Сәбит қарсыласынан айқын басым түсіп, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

55 келіде Нұрсұлтан Алтынбек тартысты жекпе-жекте кезекті жеңісіне қол жеткізсе, 60 келіде Бибарыс Жексен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі Жансері Көшербаевты (Ақтөбе обл) жарыс жолынан шығарды.

65 келіде Ертуған Зейнуллинов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Абзал Серік және Нұрислам Қалдыбаев жеңісті жолын жалғастырды.

Сондай-ақ Ерасыл Жақпеков (80 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) және Дәулет Төлемісов (90 келі) келесі кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, Тараздағы Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күні қалай өткенін жазған едік.