Бокстан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатына толық құрамда қатысады

Федерация ақпаратына сәйкес, ағымдағы жылдың 30 сәуірі мен 7 мамыры аралығында Ташкентте өткен Азия чемпионатының қорытындысында Қазақстан құрама командасы 2017 жылы Гамбургте өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін 9 салмақ санатында лицензия жеңіп алған.
Айта кетерлігі, осы айда Қазақстан Бокс федерациясына AIBA-дан 49 келі салмақ санатында әлем чемпионатына қатысу құқығын жеңіп алған индонезиялық боксшы Квангу Лангу лицензиядан бас тартқандығы туралы хабар жеткен болатын. Квангу Лангу мен қазақстандық Жомарт Ержан Ташкентте Гамбургке жолдама үшін жұдырықтасып, индонезиялық жеңіп кеткен еді. Ережеге сәйкес боксшы жарысқа қатысудан бас тартса, онда лицензия рейтингте келесі тұрған боксшыға беріледі. Қазақстан Бокс федерациясы AIBA өтінішін қабыл алып, ұлттық құрама командамыздың мүшесі Жомарт Ержанның 2017 жылғы әлем чемпионатына қатысатындығын қуаттады. Осылайша, Қазақстан командасы алдағы әлем чемпионатында барлық салмақ санаты бойынша жарыс жолына шығады.
Қазіргі уақытта Жомарт күш жинауда. Гамбургке дейін еліміздің құрама командасы 2 жиын өткізеді. Оның бірі 12 шілде күні Алматы облысындағы Бүкіләлемдік бокс академиясында басталып кетті. Екінші оқу-жаттығу жиыны 10 тамыз күні Астанада басталады.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов әлем чемпионатына дейін Жомарт Ержанның күш жинап, жарысқа 100 процент дайын боларына сенімді.
«Әрине, ол дайындалып үлгереді. Ол жыл бойы барлық оқу-жаттығу жиындарына қатысты. Меніңше, бұл оған беріліп отырған тағы бір мүмкіндік. Әрбір боксшы әлем чемпионатына қатысуды армандайды. Енді ол осы мүмкіншілікті пайдалануы тиіс», - деді Мырзағали Айтжанов.