Бокстан Қазақстан мен Ресейдің ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында жолдастық кездесу өтеді
АЛМАТЫ. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тамыздың 16-20 күндері Мәскеуде Қазақстан мен Ресейдің ішкі істер органдары қызметкерлері арасында бокстан жолдастық кездесу өтеді. Бұл туралы бүгін Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде бокстан өтіп жатқан ашық жекелей чемпионатта айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Желтоқсан айында "Динамо" дене шынықтыру спорт қоғамы бірлестігінің Ққзақстандық қоғамының құрылғанына 85 жыл толады. Осы уақыттың ішінде біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, Қазақстан егемендік алғалы бері өткен 4 Олимпиада ойындарына қатысып, динамошылар 33 медальді жеңіп алды. Оның 8-і алтын, 14-і күміс, 11-і қола жүлде", дейді "Динамо" денешынықтыру спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов. Оның айтуынша, биылғы жылы ұйымдастырылатын спорттық мерекелердің бәрі "Динамо" қоғамның 85 жылдығына арналады. Мәселен, бұған дейін ел чемпионаты самбо мен футболдан өткен еді. Бүгін бокстан өтіп жатыр. Енді мұндай жарыстар тамыз айында волейболдан, ал қыркүйекте қоян-қолтық ұрыстан өтпек.