Бокстан Қазақстан ұлттық құрамаларының бас бапкерлері ауысты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бокстан ерлер және әйелдер арасында Қазақстан ұлттық құрамаларының бас бапкерлері өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан бокс федерациясы мәлім еткеніндей, ерлер құрамасына бас бапкер болып Қайрат Сатжанов бекітілді.
Ол 2018 жылдан бері басшылық еткен Ғалымбек Кенжебаевты алмастырды.
Осы кезеңде қазақстандық боксшылар 2019 жылғы әлем чемпионатында 6 медальға (1 алтын, 1 күміс, 4 қола) қол жеткізді.
2021 жылғы Азия чемпионатынан 5 күміс, 1 қоламен оралды. Токиоға толық құраммен барып, былғары қолғап шеберлері тек екі қола жүлдені қанағат етті.
Қ.Сатжановтың бапкерлік өтілі – 31 жыл. 2011-2019 жылдары Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері болды. 2019 жылы Қайрат Тұрсынқанұлы жастар құрамасының аға бапкерлігіне бекітілді.

Осы екі жылда оның шәкірттері Азия чемпионаттарында командалық есепте (2019 жылы – 6 алтын, 1 күміс, 2 қола), 2021 жылы – 8 алтын, 2 күміс, 2 қола) үздік шықты.
Сондай-ақ 2021 жылғы дүниежүзілік біріншілікте екінші орынға (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) ие болды.
Қазақстан әйелдер құрамасында Ерік Алғабектің орнына бас бапкер болып Шамиль Сафиуллин келді.
Е.Алғабек командаға 2 жыл жетекшілік етті. Осы кезеңде әйелдер құрамасы 2019 жылғы әлем чемпионатында 2 қола жүлдені, 2020 жылы Азия іріктеу турнирінде бір олимпиада жолдамасын еншіледі. 2021 жылғы Азия чемпионатында командалық есепте (8 алтын, 1 күміс, 1 қола) топ жарды.
Ш.Сафиуллин ширек ғасыр бойы бапкерлік етіп келеді.
Осы уақыт ішінде Қазақстанда және шетелде жұмыс жасап, әлем біріншілігінде жүлде алған, Азияда озып шыққан шәкірттер дайындады. 2018 жылдан бері Шамиль Абдулбариұлы Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының аға бапкері болды.
