Бокстан Қазақстанның ұлттық құрама командасы Бүкіләлемдік бокс академиясында оқу-жаттығу жиынын өткізеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бокстан Қазақстанның Ұлттық құрама командасы алдағы 6-27 тамыз аралығында Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясында жалпы дене даярлығы бойынша оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Бокстан Қазақстанның ұлттық құрама командасы Бүкіләлемдік бокс академиясында оқу-жаттығу жиынын өткізеді

Бұл жиынға ұлттық құрама команданың барлық үш құрамы мен республика өңірлерінен болашағынан үміт күттіретін тағы жиырмаға жуық жас боксшылар қатысады.

Мырзағали Айтжановтың шәкірттері жалпы дене даярлығы бойынша оқу-жаттығу жиынын жақсы көңіл-күйде бастамақ. Өткен шілде айында Ұлттық құрама команда Түркияда сауықтыру жиынын өткізген болатын.

«Бұл сауықтыру жиыны өте жақсы өтті. Өздеріңіз білесіздер, боксшыларымыз биылғы жылдың алғашқы жартысында көптеген маңызды турнирлерге қатысты. Сондықтан командаға демалыс керек болды. Бірақ әрине жігіттер Түркияға жәй турист ретінде барған жоқ. Мұнда олар тренажерлік залда күн сайын әр түрлі жаттығулар жасады. Спорттық ойындарға қатысты. Теңізде шомылды. Бір сөзбен айтқанда жігіттер жақсы демалып қайтты. Енді алдағы болатын дайындық жұмыстарына жаңа күш-қуатпен құлшына кірісетін болады» - деді өз сөзінде бокстан Қазақстан Ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында XVII Азия ойындары болады. Оған 45 елден 12 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Мұнда спортшылар спорттың 36 түрінен жүлделі орындарды сарапқа салады.