Бокстан Қазақстанның жастар құрамасы Әлем біріншілігінде лайықты өнер көрсетеді деп санаймын - Мемлекеттік жаттықтырушы Б. Әбдірахманов
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстан құрамасы бокстан Әлем біріншілігінде лайықты өнер көрсетеді деп санаймын.
Бүгін Астанада Қазақстанның Бокс федерациясының жыл ішіндегі жұмыстарын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Әбдірахманов осылай атап көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы рет жастарымыз Әлем біріншілігінен 7 жыл бұрын алтын медальмен оралған. Ол Кубада өткен чемпионатта Ілиястың медалі еді. Содан бері Қазақстан командасы қанжығасына алтын байламаған екен. Осыған орай, жаттықтырушылар штабымен бірлесіп, жастар боксын дамытудың жаңа жоспарын жасақтадық», дейді Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Әбдірахманов.
Иранның Тегеран қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1-ші орынды иеленуі Қазақстанның Бокс федерациясының жүйелі жұмысының жемісі деп айтып отыр. Оның айтуынша, дұрыс таңдалған жұмыс бағыты, жаттықтырулардың жаңа әдістері өзінің жемістерін беруде.
Қазақ боксшыларының шеберлігін арттыру мақсатында халықаралық жолдастық-матчтық кездесулер өткізу үрдіске айналып барады. Қазақстан жастар құрамасы Әзірбайжан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан құрамаларымен Ақтөбеде қолғап түйістірді. Содан кейін Талдықорғанда Куба, Әзірбайжан және Алматы облысының жас боксшыларымен бірлескен жаттығулар жиынын өткізгеннен кейін, командалық есепте бір-бірлерімен сынға түсті. Назар Ілиясов жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы осы екі елдің және Алматы облысының жастар арасындағы құрамаларымен әлем чемпионаты алдындағы дайындықтарын пысықтады. Барлық кездесулерде де Қазақстанның жастар құрамасы жеңіске жеткен болатын.
«Кейінгі жылдары жастар боксын дамытуға бағытталған игі қадамдар, Қазақстан құрамасының Әлем біріншілігінде лайықты өнер көрсетуіне ықпал жасайды деп санаймын», деп атап көрсетті Мемлекеттік бапкер Б. Әбдірахманов.
Сәуірдің 20-сы мен мамырдың 2-сі аралығында Әзірбайжанда бокстан жастар арасындағы Әлем чемпионаты өтеді. Назар Ілиясов жаттықтыратын ұлттық құрамаға 21 былғары қолғап шебері еніп отыр.
Олардың ішінде биыл наурыз айында Иранның Тегеран қаласында өткен Азия чемпионатында команда қоржынына алтын медаль салған Н. Қалжанов, Е. Дүсенбаев, М. Нұрсұлтанов пен А. Көпеншеев сынды жас боксшыларға сенім артылған.