Бокстан ҚР Ұлттық құрамасының басты міндеті - Лондонда сәтті өнер көрсету
АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін елордада 26 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Бакуде өткен әлем чемпионатында өнер көрсеткен Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының сайыс жолындағы нәтижелерінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті,
деп хабарлады ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен.
Баспасөз мәслихатына Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті Юрий Цхай, бокстан ҚР-ның мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Әбдірахманов, Бокстан ҚР Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов және Ұлттық құраманың капитаны Серік Сәпиев қатысты.
Жиын барысында әлемдік біріншілікте екі күміс, екі қола медаль, Олимпиада ойындарына 5 жолдама ұтып алған қазақстандық боксшылар жаман нәтиже көрсетпегендігі аталып өтілді. Мәселен, 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатында біздің құрама тек бір қола медаль алған болатын. Демек, осы жолғы еліміздің былғары қолғап шеберлерінің нәтижесінен спорттық оң өсуді байқауға болады.
Бокстан ҚР Ұлттық құрамасының алдында тұрған басты міндет - Лондон олимпиадасында сәтті өнер көрсету. Команда алдына олимпиада лицензияларын жеңіп алу тұрғысында қойылған мақсат толығымен орындалды. Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында Қанат Әбутәліпов жеңіп алған лицензияны қоса алғанда, ел құрамасының қоржынында 6 лицензия бар. Ал қалған 4 жолдама үшін Қазақстан былғары қолғап шеберлері 2012 жылдың 30 наурызы мен 8 сәуірі аралығында елордада өтетін құрлықаралық іріктеу турнирінде бақ сынайды.