Бокстан əлем чемпионы Универсиада алауын Ақмола облысы атынан Алматыға жеткізеді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бокстан əлем чемпионы Дина Жоламан Универсиада алауын Ақмола облысы атынан Алматыға жеткізеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

Ақмола облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы басшысының орынбасары Əсет Бүкібаевтың айтуынша, Алау эстафетасы екі кезең бойынша өткізіледі. Ертең Көкшетаудағы М.Ғабдуллин ескерткішінің алдында сағат 10.00-де алауды тұтату салтанаты өтеді. Екінші кезең Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің алдында сағат 15.00-де басталады. Барлығы 50 алаугер - жоғары оқу орындарының студенттері, əртүрлі мекемелердің белді қызметкерлері, Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Көкшетау техникалық институты белгіленген бағытта жүріп өтіп, эстафета «Көкшетау» мəдениет сарайының алдында өз мəресіне жетеді.
Алауды Ақмола облысы атынан Алматыға жеткізетін бокстан əлем чемпионы Дина Жоламан. Ал, алауды тұтату мəртебесі шаңғы жарысы бойынша спорт шебері, 2013 жылы Италияда Трентинода өткен Дүниежүзілік қысқы универсиаданың скиатлон жарысынан чемпионы жəне эстафеталық жарыстың қола жүлдегері Татьяна Осиповаға бұйырып отыр.