Бокстан өзге елдің намысын қорғап жүрген қандасымыз елге оралды
АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан өзге елдің намысын қорғап жүрген қазақ боксшысы Аман Қонысбеков Өзбекстаннан ата-жұртына оралды. Енді ол әлемдік додаларда Қазақстан атынан, ел аралық сындарда Түркістан облысының атынан сынға түспек.
Бұл туралы KAZINFORM тілшісіне Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтып берді.
«Аман бауырымыз желтоқсан айында Астанада тұратын туысқан ағасымен бірге келіп танысып, елге біржола көшіп келгенін, енді алдағы уақытта қазақ спортшыларымен бірге жаттығып, солармен бірге еліміздің намысын қорғағысы келетініндерін айтты. Әрине, келем деген баланың кеудесінен итеру табиғатымызда жоқ. Елге ел қосылса құт емес пе... Мен келісім беретінімді айттым. Алайда, келмес бұрын Өзбекстанға барып, бұрынғы бапкеріңнен заңды тұрде рұқсатыңды алып кел деп жібердім. Ол менің тапсырмамды ойдағыдай орындап келді. Қазір біздің боксшылармен бірге Алматыдағы оқу-жаттығу жиындарында жүр. Болашақта Түркістан облысының атынан сынға түсетін болады», - деді бас бапкер.
Айта кетейік, Аман Қонысбеков бокстан 2023 жылғы Өзбекстан Республикасының чемпионатында қола жүлде еншілеген. 71 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді.