Бокстан Strandja-2013 халықаралық турнирінде Қазақстан намысын 5 былғары қолғап шебері қорғауда

Аталған байрақты бәсекеде қазақ елінің намысын 5 былғары қолғап шебері қорғауда, деп хабарлады ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен.
Қазақстан атынан мына спортшылар: Теміртас Жүсіпов (49 келі), Ғани Жайлауов (60), Айдар Әмірзақов (64), Бақытжан Қожабеков (69) және Жан Кособуцкий шаршы алаңға көтеріледі.
Федерация ақпаратына қарағанда, іріктеу кезеңінде Т.Жүсіпов украиндық боксшының, ал Ж.Кособуцкий итальяндық былғары қолғап шеберінің жолын кесіп, жартылай финалға шықты.
Ал Б.Қожабеков алғашы жек-жегінде беларусьтық боксшыға ұтылғанымен бүгін ширек финалда ресейлік спортшымен шаршы алаңда кездеседі. Сондай-ақ, бүгін Ғ. Жайлауов болгарлық, ал А.Әмірзақов ресейлік боксшыға қарсы шығатын болады.
15 елдің былғары қолғап шеберлері бақ сынап жатқан турнирдің жартылай финалы ертең, ал ақтық сыны 23 ақпан күні өтеді.