Бокстан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандықтар 5 күміс, 6 қола медаль иеленді

АЛМАТЫ. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кеше бокстан Болгарияның Албена қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Әлем чемпионаты аяқталды.

Бокстан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандықтар 5 күміс, 6 қола медаль иеленді

Оған 29 елден және Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығынан 150 спортшы қатысты. Он үш салмақ дәрежесі бойынша өткен бұл додаға Ресей, Түркия, Украина елдері толық құраммен, ал Қазақстан он екі боксшымен қатысқан болатын.

Аса тартысты өткен сайыста қазақстандықтар 5 күміс, 6 қола медаль олжалады. Атап айтқанда тек ақтық сында Назерке Жұрғараева (46 кг) американдық Калтин Ороскоға, Асыл Асқарова (48 кг) ресейлік Екатерина Пальцеваға, Балауса Мұздыман (54 кг) украиналық Ангелина Бондаренкоға, Любовь Хасиева (66 кг) ресейлік Светлана Ходаревская,ға Ақмарал Шамшиденова (80 кг) ресейлік Влада Калашеваға есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Ал жартылай сынға дейін сүрінбей жеткен Әйгерім Ошақбай (52 кг), Назым Ищанова (57 кг), Екатерина Анисимова (60 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Баян Ақбаева (70 кг) мен Алтын Мұқышбекова (75 кг) қола жүлдегер атанды. Жалпы командалық есепте Ресей бірінші, АҚШ екінші, Түркия үшінші орын алды.