«Болашағы бар» ауылдардың тізімі қайта өзектендіріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында тиісті министрлік басшыларына «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасының аясындағы шараларды тиімді іске асыру бағытында бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірінші. Ұлттық экономика министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобаларын сапалы, уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуі керек.
Екінші. Ұлттық экономика министрлігі Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу барысында болашағы бар ауылдарды айқындау әдістерін өзектендіріп, Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру жөніндегі жаңа тәсілдерді ескерсін», - деді ол.
Сондай-ақ даму әлеуеті жоғары ауылдардың тізбесі де қайта жаңартылмақ.
«Үшінші. Даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендер тізбесін өзектендіруге байланысты Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері, облыс әкімдіктері республикалық бюджетті нақтылау кезінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыру мәселесін пысықтасын», - деді Үкімет басшысы.
Фото: primeminister.kz