«Болашақ» арқылы дарынды оқушыларды бакалавриатқа қалай түсіруге болады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки қандай ғылыми олимпиадалардың жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасының бакалавриатына түсе алатынын түсіндірді.

Атап айтқанда, мұндай шара дарынды жастарды қолдауға және елдің адами капиталын дамытуға бағытталған.
- Бағдарлама аясында гранттарды беруді республикалық комиссия жүзеге асырып келеді. Осы механизм білім олимпиадасының жеңімпаздарына да сақталады. Талапкерлер жеңімпаз атанғанын растайтын дипломды қоса тапсырады. Одан кейін олардың өтініштерін ұлттық тәуелсіз комиссия қарап, барлық шешімдер республикалық комиссияның қарауына жіберіледі. Осы орайда «Болашақ» арқылы оқуға жіберуге шешім қабылданады, - деді Д. Ахмед-Заки Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, талапкерлер үшін жоғары оқу орындарының тізімі «Болашақ» бағдарламасының басқа да үміткерлерімен бірдей болады.
- Ең бастысы, осы жерде олимпиадалардың қосымша тізімі анықталады. Бұл тұрғыда маңызды олимпиадалар қамтылады, яғни физика, математика, информатика және инженерия бойынша халықаралық олимпиадалар, - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.
Заң аясында халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда жеңіске жеткен дарынды оқушыларға «Болашақ» бағдарламасы арқылы үздік шетелдік жоғары оқу орындарына бакалавриатқа түсу мүмкіндігі енгізілді.