Болашақ әскерилер ҚР Қарулы Күштерінің құрылған күніне салтанатты шеру өткізді
АЛМАТЫ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы Республикалық әскери мектеп-интернатының 110 тәрбиеленушісі бүгінгі мерекеге орай қала көшелерімен салтанатты шерумен жүріп өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Болашақ әскерилер барабаншылар оркестрінің сүйемелдеуімен Саин мен Жандосов көшелері қиылысынан Алтынсарин-Жандосов көшелерінің қиылысына дейін әскери әндер мен ұрандар айтып, жүріп өтті.«Көптеген азаматтар бүгінгі күннің мәнін ұға бермейді.Сондықтан бүгінгі күннің мереке күні екенін еске салу, халыққа көрсету мақсатында әскери салтанатты шеру өткіздік», дейді Б.Момышұлы атындағы РӘМИ бастығының орынбасары Төкен Смағұлов.
Оның айтуынша, бүгінгі күннің мәні өте зор. «Бүгін - Отан қорғаушы күні, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күні.Осы үлкен мерекеге арнап болашақ әскерилер бүгін үлкен мерекелік көңіл-күйде.Таңертеңгі әскери сапқа тұру шарасынан бастап осы мерекеге арналған шаралар күні бойы өтеді. Бір апта бұрын осы күнге арнап спартакиада өткіздік.Бұл көңіл-күй тек әскерилерде ғана емес, барлық Қазақстандықтарда болуы керек. Барша қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын. Әскери азаматтардың Отан алдындағы еңбектері жана берсін. Елімізде тыныштық болсын. Нұрлы Отанымыз - Қазақстан өркендей берсін», дейді болашақ 450 әскери маманды тәрбиелеп жатқан мектеп бастығының орынбасары.