«Болашақ» бағдарламасы аясында оқығандар елге түгелдей оралып жатыр - Ғани Нығметов

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасы аясында оқығандар елге түгелдей оралып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов мәлім етті.

«Болашақ» бағдарламасы аясында оқығандар елге түгелдей оралып жатыр - Ғани Нығметов

«Шетелде қалып қойған «болашақтықтар» алғашқы жылдарда болды. Біздің орталық құрылғаннан кейін мұндай жағдай мен мәлімет бізде болған жоқ. Атап айтқанда, барша стипендиаттар қайда оқып жатқандығын білеміз және олар елге қайта оралып жатыр. Шарт бойынша олар Қазақстанда бес жыл жұмыс істеуі керек»,-деді орталық басшысы.

2012 жылдан бастап бағдарламаға қатысушылар үш тараптық келісімге қол қойып отырғандығын еске салып өткен Ғ. Нығыметов, бұның аясында стипендиат елге келгенде оның жұмыс берушісі белгілі болатындығын, сондай-ақ жұмыс беруші қызмет орнын сақтап қалуға міндет алатындығын атап өтті.

«Стипендиаттың объективті себептермен бес жылдық міндетін орындай алмау фактілері өте аз. Шамамен екі адам. Міндетті орындай алмағандар барша қаражатты мемлекетке қайтарып беруі тиіс»,-деді ол.