«Болашақ» бағдарламасы дарынды балаларды анықтау мен қолдау жүйесіне біріктіріледі

«Жоғары білікті кадрлар үшін күресте бәсекелестік жағдайында біз Президенттік стипендияны жан-жақты жетілдірудеміз. Атап айтқанда, біз оны елдің адами капитал сапасын арттырудың маңызды факторы ретінде қарастырудамыз», - деп тоқталды Мемлекеттік хатшы.
Осы орайда ол білім алған әрбір маманға ерекше назар аударылатынын, Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа формацияның мамандары керек екенін қадап айтты.
«ИИД МБ-ның екінші бес жылдығының аясында «Болашақ» инновациялық-тәжірибелік бағытқа негізделуі тиіс, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жобалары үшін кадрларды мақсатты даярлауға толықтай бағдарлануы керек. Сонымен қатар біз жас таланттарды қолдау бойынша мақсатын алға қойып отырмыз. Қазақстанда дарынды балаларды анықтау мен қолдаудың институционалдық негізі жұмыс істеуде. Жақын перспективада «Болашақ» «мектеп-ЖОО-«Болашақ» халықаралық стипендиясы» ұстанымы бойынша осы жүйеге біріктіріледі. Мұнымен қоса, үнемі бағдарламаның зерттеу әлеуетін ұлғайтып отыру керек және Қазақстандағы ЖОО-лардың білім беру үдерісене Split-PhD бағдарламаларын енгізу арқылы ғалымдарды даярлауды күшейту керек», - деді Г. Әбдіқалықова.