«Болашақ» бағдарламасы: Шетелде тағылымдамадан өткен БАҚ өкілдері елімізге оралуы керек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық бағдарламалар орталығы тағылымдамаға жіберілетін адамдардан ағылшын тілі сертификатын талап етпейді. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру басқармасының бас менеджері Гүлзат Асанбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тағылымдама бағдарламасы бойынша оқу аяқталғаннан кейін, Қазақстанға оралып, ел өңірлерінде үш жыл қызметін атқарады. Атап айтқанда, бастапқыда құжат тапсырғанда үміткер жұмыс берушіден өтінім алады. Шетелдегі тағылымдамадан келген соң, жұмыс орныңыз сақталып тұрады. Осы орайда сол жерде үш жыл қызметіңізді атқаруыңыз керек», - деді Г. Асанбаева.
Оның айтуынша, тағылымдамадан өту үшін халықаралық стипендияны тағайындауға конкурстық іріктеуге құжаттар қабылдау биылғы 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін жалғасады. Өтінімдер Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталында қабылданады. Құжатты менеджерлер егжей-тегжейлі қарап шығып, жауапты екі күннің ішінде береді.
«Тағылымдамадан өтетін адам кепілге мүлік ұсынбайды. Гарант ретінде соңғы 12 айда тұрақты табысы бар 50 жасқа дейінгі Қазақстанның екі азаматы бола алады», - деді орталық өкілі.
Сонымен қатар Г. Асанбаева тағылымдамаға жіберілетін адамдардан ағылшын тілі сертификатын Халықаралық бағдарламалар орталығы талап етпейтінін айтты.
«Тағылымдама бойынша біз ол сертификатты талап етпейміз. Сізден ағылшын тілі деңгейін дәлелдеу үшін шетелден шақыртып отырған жоғары оқу орны талап етпесе, біз сұрамаймыз. Өйткені бізге үміткер дайын шақырту құжатымен келіп, конкурсқа қатысады. Сондықтан біз ағылшын тілі сертификаты бойынша талап қоймаймыз», - деді орталық өкілі.
Шетелде тағылымдамадан өтудің ең ұзақ мерзімі 12 ай, ал қысқа мерзімі бір ай болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Болашақ» бағдарламасы бойынша журналистер, режисерлер, операторлар, графистер әлемнің жетекші шетелдік ұйымдары мен ЖОО-ларында «Операторлық өнер», «Режиссура», «Журналистика», «Визуалды әсерлер. 3d анимация» және т.б. мамандықтар бойынша біліктілігін арттыруға мүмкіндігі бар.
Тағылымдамадан өтуге үміткерлердің жалпы жұмыс өтілі үш жылдан кем емес болуы тиіс, соның ішінде соңғы 12 айда таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ шетелдік ұйымнан шақыру мен нәтижесі В1 деңгейінен кем емес ҚАЗТЕСТ сертификаты болу керек.
Тағылымдамадан өтетін БАҚ өкілдерінің шетелдегі шығындары өтеледі.
Фото: old.kzvesti.kz