«Болашақ» бағдарламасымен бітірушілердің елге оралуы және жұмыс істеуі қатаң бақылауда болады
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру қорытындыларымен таныстырған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.
«Министрлік Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп «Шетелдегі студент» ақпараттық жүйесін енгізді. Енді бітірушілердің елге оралуы және жұмыс істеуі қатаң бақылауда болады»,-деді ол.
Сондай-ақ, министрдің атап өтуінше, бүгінде аймақтар үшін бағдарламаға қолжетімділік артқан. 2005-2010 жылдар аралығында Алматы, Астана қалаларынан үміткерлер саны шамамен 75 пайызды құраған.
«Енді Қазақстан Республикасының барлық азаматтары елдің кез келген жерінен Электронды үкімет орталығы, Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы құжаттар тапсыра алады. Нәтижесінде аймақтардан үміткерлердің қатысу үлесі 2011 жылы 39 пайыз болса, 2012 жылы 47 пайызға арттты»,-деді Б. Жұмағұлов.