«Болашақ» бағдарламасымен мамандарды дайындау еліміз үшін қажетті бағыттар бойынша жүзеге асырылады
АНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бұдан былай «Болашақ» бағдарламасымен мамандарды дайындау еліміз үшін қажетті бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
Бұл туралы бүгін BNews.kz порталында «Елбасы Н.Назарбаевтың ағымдағы Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіруге арналған он-лайн конференция барысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Алғашқы жылдары біз президенттік бағдарлама бойынша студенттерді жаппай оқытуға ұмтылдық. Бірақ қазіргі таңда бұған басқа көзқарас тұрғысынан қараймыз. «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандарды дайындау нақты үлгіде әрі қазіргі уақытта Қазақстанға қажетті бағыттар бойынша ғана жүргізілетін болады», - деді министр.
Б.Жұмағұловтың атап өтуіне қарағанда, бүгінде министрлік аталған бағдарлама бойынша мамандарды дайындаудың жетілдірілген жаңа тұжырымдамасын әзірлеген. Құжат таяу арада қабылданбақ. Бағдарлама қолға алынған алғашқы жылдары бакалавр мамандығы бойынша жаппай маман дайындау үрдісіне баса аударған еліміз енді бұл ұстанымнан түбегейлі бас тартады. Өйткені таяуда ғана елорда төрінде ашылған «Назарбаев университеті» шет елге қарағанда айтарлықтай аз қаржыға білікті маман дайындай алады.
Дегенмен соңғы жылдары шетелде маман дайындаудың жалпы жағдайы жақсара түскенін баса айтқан ол: «Бірқатар қазақстандық ұлттық университеттер осы жылдар ішінде өз ұстанымдарын жоғарылатуға қол жеткізді. Біз кез келген елдің бакалаврынан білімі төмен емес маман дайындай аламыз», - деді.