«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып елге қайтпаған 25 түлек іздестіріліп жатыр

АСТАНА. Маусымның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2005 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған 25 түлек іздестіріліп жатыр. Бұл туралы бүгін 2010 жылғы Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі стратегия департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлім етті,

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып елге қайтпаған  25 түлек іздестіріліп жатыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Болашақ» стипендиясы тағайындалғаннан кейін, әрбір иегер мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында келісімшарт жасалады. Бұл келісімшарт бойынша әрбір стипендиатқа міндетті түрде жақсы оқу, оқуын тамамдаған соң Қазақстанға қайтып келіп, бес жыл еңбек ету туралы міндет қойылады. Сонымен бірге, Орталықта шетелдегі оқуды ұйымдастыру және мониторинг жүргізу басқармасы да бар. Бұлар білім сапасын қадағалайтын болса, Орталықтың заң бөлімі стипендиаттардың міндеттемелерді орындауларын қадағалайды. Егер стипендиат елге қайтып келмеген және басқа да шарттарды бұзған жағдайда оған жұмсалған шығын өндіріп алынады», деді А. Абылайхан.

Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігінің қарамағында «Болашақ» бағдарламасы жүзеге аса бастаған 1993 жылдан бастап 2005 жылға дейін шетелде оқып, Қазақстанға қайтып келмеген, яғни өз міндеттемелерін орындамаған 29 адам анықталған.

«Ал «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ құрылған 2005 жылдан бастап бүгінге дейін «Болашақ» бағдарламасының 25 түлегі бізге хабарласпады. Олар өздерінің оқуын бітіріп, жұмысқа орналасқандығы туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығына» ақпарат бермеген. Сондықтан да оларға құқық қорғау органдарымен бірлесіп іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді А. Абылайхан.