«Болашақ» бағдарламасының 400 түлегі жұмыссыз жүр
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сағынбек Тұрсынов осылай деді
.Сауал барысында депутат, Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасы арқасында алдыңғы қатарлы білімді мамандар даярлаудың тамаша үлгісі қалыптасқанын айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, бағдарлама жүзеге аса бастаған өткен 17 жыл ішінде әлемнің ең үздік оқу орындарын 3 мыңға жуық қазақстандық жастар бітіріп, маман атанса, әлі де оқуын жалғастырып жатқандар саны 4 мыңнан асады. «Алайда соңғы уақытта осы «Болашақ» бағдарламасы арқылы мемлекет қаржысымен оқып, елге оралған жастардың жұмыс табуы түйінді мәселеге айналып барады. Оларға жұмысқа тұру үшін жұмыс өтілі талап етілмейді әрі мемлекеттік органдарға бірден басқарма бастығы қызметіне тағайындалуына мүмкіндік жасалған. Алайда ресми ақпараттарға қарағанда, жұмыс таба алмай жүрген «болашақтықтардың» саны 400 ден асады. Кейбір ақпараттарда 600 адамды құрайды деп жазылған», - деді С. Тұрсынов.
Осы мәселелерді алға тартқан депутат түлектердің жұмыс таба алмауының нақты себебін білгісі келетінін айтып, «егер өз елімізде жұмыс табылмайтын болса мемлекеттің қыруар қаражатын шығындап, шет елдерде оқытудың қандай қажеттілігі бар?», деген мәселені көлденең тартты. «Осы уақытқа дейін бітірген түлектердің 70-80 пайызы ағылшын, орыс тілдерін білгенімен мемлекеттік тілді мүлде меңгермеген. Бұған кім жауапты? Сондықтан да, бағдарламаны одан әрі жалғастырудың қажеттілігі бар ма?»,- деді депутат.