13:32, 16 Мамыр 2009 | GMT +5
«Болашақ» бағдарламасының түлектері тұңғыш Президенттің зияткерлік мектебінде болды
АСТАНА. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Қазақстан Республика Президентінің «Болашақ» бағдарламасы стипендианттары қауымдастығының өкілдері тұңғыш Президенттің физика-математикалық бағыттағы зияткерлік мектебінде болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Онда «Болашақ» бағдарламасының өкілдері мектеп оқушыларымен бірге зияткерлік мектеп маңында ағаштар отырғызды. Сондай-ақ олар мектеп оқушыларымен Қазақстанның болашағына қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, мемлекеттік қызметтің қыр-сыры жөнінде әңгімеледі. Мектеп оқушылары олармен көптеген мәселелер бойынша өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алмасты. «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы еліміздің тұңғыш Президентінің зияткерлік мектебінің оқушыларымен бірге бүгін ағаш отырғызу жұмыстары бойынша арнайы акция өткізіп отыр. Осы акциядан соң біз дөңгелек үстел басына жиналып өзара пікір алмасамыз. Бұл шара жастардың бойындағы отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін қалыптастыруға бағытталған. Баршаға аян Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде сапалы білім беру мәселесіне үлкен көңіл бөліп отыр. Ал біз кеше әлемнің көптеген мемлекеттерінің белді деген оқу орындарында білім алып келген «Болашақ» бағдарламасының түлектері, сол алған білімімізді өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізуді міндет деп білеміз. Көпшілікке мәлім біз өткен жылы ««Болашақ» - сапалы білім үшін» акциясын бастағанбыз. Сонымен қатар біз «Кітапханаларға кітаптың көмегімен қолдау көрсет» атты акцияны да тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз. Бүгінгі шара да осы жұмыстардың аясында өткізіліп отыр. Ал ағаш отырғызу адамды өсіріп, жеткізу, оқыту білім беру, тәрбиелеу сияқты қиямет-қайым еңбекті қажет етеді. Біз кейінгі ұрпақты осындай еңбекқорлыққа, табандылыққа, ойлаған істен нәтиже шығара білуге үйретсек деген ойдамыз», - деді ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ сөзінде қауымдастықтың мақсат-міндеттеріне тоқталған ол:
«Қауымдастықтың басты мақсаты - Қазақстанда үлкен сарапшылар қоғамдастығын қалыптастыру болып отыр. Баршаға мәлім, кез-келген мемлекеттік қызметкерге белгілі бір мәселе бойынша тиісті шешім қабылдау үшін оған жақ-жақты сарапталған ақпарат қажет. Ал өсекелең ұрпақ бүгінгі заманға жақсы бейімделген. Жаһандану заманында бізге жаңа, тың идеялар мен бастамалар қажет. Осы орайда біз болашағынан зор үміт күттіретін дарынды жастардың басын қосып, олардың мүмкіндіктерін мемлекеттің алдында тұрған мәселелерді шешуге бағыттауды көздеп отырмыз», деді.