«Болашақ» халықаралық стипендиясына тағы 400-ден астам адам ие болды
АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Шет елдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, комиссия шешіміне сейкес, «Болашақ» халықаралық стипендиясына 427 адам, оның ішінде магистратура бағдарламасы бойынша - 224, докторантура аясында - 8, тығылымдамадан өтуге 195 жас үміткер ие болды.
«Жаңа оқу жылдың басталуына санаулы күндер қалды. Сол себепті біз бүгін алдын ала іріктеуден өткен үміткерлердің құжаттарын қарап, олардың шет елдерде таңдалған оқу орындарына дер кезінде жетуіне жағдай жасауымыз керек. Өйткені, стипендиаттарды іріктеп қана қоймай, олардың шетелде жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасауға міндеттіміз», - деп тоқталды М. Тәжин.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы маусымда өткен комиссияның отырысында тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берілгенін, бүгінгі жиында сол тапсырмалардың орындалу барысы, алда атқарылатын жұмыстар қаралатынын сөз етті.