«Болашақ» қауымдастығы президенттiк сайлауға қатысты мәлiмдеме жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Болашақ" бағдарламасы стипендиаттарының қауымдастығы ҚР Президенттiгiне үмiткер ретiнде Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың ұсынылуы туралы шешiмдi бiрауыздан қолдайды. Бұл туралы бүгiн қауымдастық кеңесiнiң төрағасы Қуандық Бишiмбаев мәлiм еттi.

«Болашақ» қауымдастығы президенттiк сайлауға қатысты мәлiмдеме жасады

"1993 жылы "Болашақ" халықаралық стипендиясы құрылған болатын. Қазiргi уақытта "Болашақ" бағдарламасы ҚР бәсекеге қабiлеттi кадрлық әлеуетiн қалыптастыруда. ТМД елдерiнiң тарихында алғаш рет дарынды жастарға шетелдiң жетекшi оқу орындарында толығымен мемлекеттiң есебiнен бiлiм алуға мүмкiндiк берiлдi.

Мемлекеттiң сындарлы саясатының арқасында Қазақстан экономикасындағы индустрияландыру және инновациялық технологияларды енгiзу үдерiсi бiлiмiнiң жаңа формасы мен деңгейiн игерген заманауи талаптарға сай жас мамандармен қамтамасыз етiлiп отыр. Мемлекет тарапынан келешегi мол кадрларды дайындауға жұмсалған қыруар қаражат ел экономикасының өсуiне, адами капитал сапасының артуына оң әсер ететiнi сөзсiз", - дедi ол бүгiн Астанада өткiзiлген арнайы баспасөз мәслихаты барысында.

Оның сөзiне қарағанда, Қазақстанның әлемдегi беделi жыл сайын артып отыр.

"Әлемдiк қауымдастық Қазақстанның тұрақты, табысты, бәсекеге қабiлеттi және құқықтық мемлекет құруға қосып отырған үлесiн жоғары бағалайды. Елiмiздiң әлемдiк аренадағы беделi, Қазақстанның көптеген iрi халықаралық ұйымдарға мүшелiгi мен төрағалығы осының бiрден бiр дәлелi болып табылады. Бiз ҚР Президенттiгiне үмiткер ретiнде Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың ұсынылуы туралы шешiмдi толығымен қолдаймыз", - деп түйдi сөзiн ол.